«МТҚ» РМК және «Инфофорум» ұлттық ақпараттық қауіпсіздік форумы» ассоциациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«Инфофорум-Югра» ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі 3-і халықаралық конференциясы (Ханты-Мансийск қаласында, Ресей Федерациясы) шеңберінде ШЫҰ, БРҮҚОА және ҰҚШҰ елдерінің қатысуымен «МТҚ» РМК және «Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік форумы» ассоциациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Оған ҚР ҰҚК Мемлекеттік техникалық қызмет директорының орынбасары Зекен Исмаилов пен «Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік форумы» ассоциациясының басшысы Александр Жуков қатысты.

Меморандумның мәні тараптардың ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ынтымақтасуы болып табылады.
«Инфофорум-Югра» конференциясы XI Халықаралық IT-Форум шеңберінде өткізілуде. Биылғы жылы IT-Форумның бағдарламасында әлемдік экономиканы цифрлық трансформациялау мәселелері мен мемлекеттердің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану саласында жауапты іс-әрекет жасау нормаларын пысықтау қажеттілігіне  ерекше назар аударылды.
Іс-шараларға ШЫҰ, БРҮҚОА және ҰҚШҰ елдерінің, халықаралық, коммерциялық және үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар мен ғылыми қоғамдастықтың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының 4000 астам өкілдері қатысты.

Зекен Исмаилов конференцияда сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кейбір аспектілеріне тоқталып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарының, ақпараттық жүйелері мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының талап етілетін қорғалу деңгейін қолдап отыруға арналған Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығының (АҚҰҮО) қызметі туралы ақпаратпен бөлісті.
Сонымен қатар, халықаралық конференция барысында «Ақапараттық қауіпсіздік саласында халықаралық байланыстырды дамыту үшін» «Инфофорум-Югра» кәсіби премиясының лауреаттары марапатталды. Премия лауреаттары қатарында «МТҚ» РМК директорының бірінші орынбасары Асқар Жүнісбек осы жоғары наградаға ие болды.

«МТҚ» РМК баспасөз қызметі